Жансейітов Саттар, 1909 жылы БҚО Жаңақала ауданы Таубұйрат ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, әлеуметтік жағдайы–жұмысшы, білімі төмен. Әкесі Жансейіт Жанбаев орташадан төмен шаруашылық иеленген, мал бағумен айналысқан, 1915 жылы дүниеден озған. Ол кеткеннен кейін 5-6 жастағы ұлы Саттар 1915 жылдан 1921 жылға дейін ағасының қарамағында, ал 1921-1925 жылдары қараусыз, өз бетімен жүріп, ауыл мектебінде оқыған. 1925-1928 жылдары ауыл шаруашылығы өндірісінде жалдамалы қызмет атқарған. 1928 жылдан тракторист, комбайнер және шофер курстарында оқуын жалғастырып, 1931 жылға дейін көрсетілген мамандықтар бойынша жалдамалы қызметтер атқарған. 1931 жылы РККА-ға шақырылып, Блинов атындағы 5-ші кавалериялық дивизияның Сталинград-Камышинск Қызылжұлдызды 29-кавалерия полкінде полк мектебінде білім алған. 6 айдан кейін кіші командир болып шығады. Кейін үздік әскери және саяси жаттығудан өткенін ескеріп, Польша шекарасындағы Житомир қаласына жіберіліп, броне-танк мектебінде білімін жетілдіріп, одан 6 айдан соң броневик және тез жүргіш танктің механик-жүргізуші болып шығады. Одан кейін жыл жарым уақыт бойы 26-52 әскери броне бөлімінде қызмет атқарған. 1933 жылдың соңында запастағы командир ретінде демобилизацияланып, Батыс Қазақстан облысына келіп, облыстық денсаулық сақтау бөлімінде кадр бойынша жауапты орындаушы қызметке орналасады. Одан кейін Жаңақала ауданында 1935 жылдың қыркүйек айына дейін жүргізуші, 1936 жылдың 1 ақпанына дейін Одақтық Қызыл Крест қоғамында, облыстық комитетте кадрлардыңәскери санитарлық дайындық бойынша басшысы (начальник) қызметін атқарады. Одан кейін БҚО Жоғары коммунистік ауылшаруашылығы мектебіне түсіп, студент кезінде ВКП(б) құрамынан шығарылуына байланысты оқудан да шығарылады. Партия құрамында мүше болған кезінде ешқандай тәртіп бұзу болмасада, партия құжаттарын тексеру кезінде кенеттен партия қатарынан шығарылған.(ҚР ПА, Қор 141, Тізбе – 17а, Іс-69. Партийно-следственное дело на Джансейтова Саттара (ЗКО), 1936 г). (БҚО ПД архиві).
Жансейітов Саттар
- Аты-жөні: Жансейітов Саттар
- Туған жері: БҚО Жаңақала ауданы Таубұйрат ауылы
- Жаза түрі: Басқа
- Алаш әскері: Жоқ
- Алаш басшылары: Жоқ